Бостандыққа шыққаннан кейінгі алғашқы баспасөз жиыны
Беларусь түрмесінен босап шыққан бірнеше саяси тұтқын жексенбі, 14 желтоқсан күні Украинада алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Оған беларусьтік саяси белсенділер Мария Колесникова, Виктор Бабарико, Александр Федута және Владимир Лабкович қатысты. Жиын нақты қай жерде өткені қауіпсіздік мақсатында жарияланған жоқ, баспасөз мәслихатына арнайы шақыртылған журналистерді ғана кіргізді.
"Настоящее Время" телеарнасы ол жиыннан үзінді жариялады (орысша):
2020 жылғы 7 қыркүйектен бері Беларусь түрмесінде қамауда болған 43 жастағы Мария Колесникова АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Зеленскийге саяси тұтқындардың бостандыққа шығуына септескені үшін, Украина халқына – қонақжайлығы үшін алғыс айтты.
"Соғыс жүріп жатқан кезде, украин халқының өзі үлкен азап шегіп отырған қазіргі шақта бізге осындай қолдау көрсетіп, қамқорлық таныту қаншалықты қиын екенін түсінеміз. Мұны әрқайсымыз жүрегімізбен сезіндік", – деді Колесникова.
Сонымен бірге ол саяси тұтқындарды босату туралы шешім қабылдаған Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенкоға да ризашылығын білдіріп, саяси тұтқындарды босату процессі алдағы уақытта да жалғасады деп үміттенетінін айтты.
Беларусь түрмесінен бостандыққа шыққан саяси тұтқындар өз қолында қамаудан босатылғаны туралы анықтамадан басқа ешқандай құжат жоғын айтып, өздерін Украинаға жеткізгеніне қатты таңырқағанын жеткізді. Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығы туралы сөзінде олар бұл соғысты айыптап, оны тоқтатуға шақырды.
Мария Колесникова 2020 жылы Беларусь президенттігіне кандидат Виктор Бабариконың сайлау штабын басқарды. Беларусь билігі Лукашенкомен билікке таласқан Бабариконы сайлауға жеткізбей түрмеге қамағаннан кейін, Колесникова келесі бір кандидат Светлана Тихановскаяны қолдап, соның командасында да жұмыс істеді.
2020 жылғы қыркүйекте Беларусьтің күштік құрылымдары Колесникованы ұстап алып, Украина аумағына күштеп шығарып жібермекші болған. Бірақ Колесникова паспортын жыртып тастап, қарсылық білдірген соң оны абақтыға қамады.
2021 жылғы қыркүйекте Беларусь соты Мария Колесникованы 11 жылға бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Сот оны "билікті басып алу мақсатында астыртын сөз байласып, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін ұрандар көтеріп, экстремистік топ құрғаны үшін айыпты" деп жазалады. Сол жылы Мария Колесникова Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы (ПАСЕ) тағайындаған, жыл сайын құқық қорғаушыларға берілетін Вацлав Гавел атындағы сыйлыққа ие болды.
Құқық қорғау ұйымдары Мария Колесникованы "саяси тұтқын" деп жариялап, әлемдегі жетекші саясаткерлер ресми Минскіден оны босатуды талап еткен.
"Минск оларды Украина арқылы беруге дайынбыз деді"
Беларусь түрмесінен босатылған саяси тұтқындарды тобымен Украинаға жеткізу алғаш рет болып отырған оқиға.
Бұған дейін, жексенбі күні Берлинге, АҚШ пен Еуропа елдері өкілдерімен бейбітшілік жоспары жөнінде келіссөздер өткізуге бара жатқан жолда, журналистермен сөйлескен Украина президенті Владимир Зеленский Беларусь абақтысынан босатылған саяси тұтқындардың басым бөлігі неліктен Украинаға жеткізілгені жайында түсініктеме берген.
Оның сөзінше, беларусьтік саяси тұтқындар босап шығатын күннің қарсаңында Минск пен Киев барлау қызметтері деңгейінде байланыс жасаған.
"Кейін ГУР (Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау қызметі – ред.) басшысы Кирилл Буданов маған хабарласып, Беларусь тарапы саяси тұтқындарды беруге дайын екенін, оларды Еуропа одағының қайсыбір елі арқылы бергісі келмейтінін, бірақ егер мен қолдасам, Украина арқылы беруге дайын екенін айтты", – деді Зеленский.
"Әрине, қолдаймыз, қабылдауға дайынбыз" дедім", – деп мәлімдеген Зеленский. Оның сөзінше, Беларусь түрмеден босатқан адамдардың арасында Украинаның бес азаматы да болған.
"Өз азаматтарымызды да, беларусьтік саяси тұтқындарды да сөзсіз алып шығуымыз қажет. Және де біз шешімді нақ солай қабылдаймыз", – деді Украина президенті.
Осының қарсаңында Зеленский "АҚШ-тың белсенді рөлі мен барлау қызметтеріміздің ынтымақтастығы арқасында шамамен жүзге жуық адам, оның ішінде бес украин азаматы бостандыққа шықты" деп мәлімдеген.
Коулдың Минскіге екінші сапары
13 желтоқсанда АҚШ-тың арнайы өкілі Джон Коулмен келіссөзден кейін Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенконың әкімшілігі елде түрмеде отырған 123 саяси тұтқын босатылғанын мәлімдеп, бұл "АҚШ президентімен жасалған уағдаластық аясында және соның өтініші бойынша" жасалған шара деп хабарлады.
Минск саяси тұтқындарды түрмеден босату туралы шешімді АҚШ "Беларуськалий" компаниясына қарсы салынған санкцияларды алғанына байланысты қабылдаған.
Түрмеден босатылғандардың басым бөлігі – 114 адам – Украинаға жеткізілді. Тағы тоғыз адам, оның ішінде Нобель сыйлығының лауреаты Алесь Беляцкий, Литваға берілді.
Reuters агенттігіне берген түсініктемесінде Джон Коул алдағы айларда Беларусь билігі шамамен мың адамды босатуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, бір ірі топ бостандыққа шықпақ.
Коул мұның алдында – 2025 жылғы қыркүйекте Минскіге жасаған сапарынан кейін Беларусь билігі 52 саяси тұтқынды босатқан, оның арасында Сергей Тихановский және Азаттық радиосының Беларусь қызметінің журналисі Игорь Лосик те бар. Сол кезде тыңшылық жасаған деген айыппен сотталған 14 шетелдік те (Литва, Латвия, Польша, Германия, Франция және Ұлыбритания азаматтары) бостандыққа шыққан.
Осыдан кейін АҚШ Қаржы министрлігі Беларусьтің "Белавиа" мемлекеттік әуе компаниясын және Беларусьтің жоғары лауазымды шенеуніктері мен Лукашенко отбасы мүшелері пайдаланатын Bombardier Challenger 850 бизнес-джетін санкциялар тізімінен алып тастады. Бұл санкциялар 2021 жылғы желтоқсанда Беларусь билігі елдегі жаппай бейбіт наразылықтарға қатысқан адамдарға қарсы ауқымды қуғын-сүргін жүргізгеннен кейін енгізілген еді.
2024 жылдың ортасынан бері Беларусь билігі "экстремизм" және саяси астары бар өзге де айыптармен сотталған бірнеше жүз адамды түрмеден босатты. Сарапшылардың пікірінше, Александр Лукашенко Батыстан оқшаулануын әлсірету мақсатында осындай қадамға барып отыр. Дональд Трамп билікке келгеннен кейін АҚШ өкілдері Беларуське бірнеше рет сапармен барған. Беларуське салынған санкциялардың бір бөлігін алып тастаудың қарымтасы ретінде 200-ден астам саяси тұтқын түрмеден босатылды. Олардың арасында 2020 жылдан бері қамауда отырған танымал оппозиция қайраткерлері мен журналистер де бар. Құқық қорғаушылардың бағалауынша, Беларусь түрмесінде саяси себептермен сотталған шамамен бір мың адам қалып отыр.