«ҚАН СУДАЙ АҒЫП ЖАТТЫ»
57 жастағы Жаңбыр Ерғазев Жаңаөзен оқиғасы кезінде ажал аузынан қалды. Мұнайшы көктемнен бері алаңда тұрып, еңбек жағдайын жақсартуды және жалақыны көтеруді талап еткен мыңдаған жұмысшының бірі болған. Желтоқсан айында жергілікті билік Тәуелсіздік күніне дайындала бастағанда, бейбіт ереуілге қатысушылар еңбек дауы шешілмейінше мұнайлы қалада киіз үй тікпеуді және мерекелік шара өткізбеуді сұраған. Алайда билік олардың талабына құлақ аспады.
Мұнайшының айтуынша, тәуелсіздік күні алаңда арандату басталып, кейін қалада дүрбелең болды. Полиция атып өлтіретін қару қолданды.
«У-шу басталып, атыс болғаны есімде. Шамамен жүздей қаруланған полицей пайда болды. Қолындарында тапанша да, қалқанның артына жасырылған Калашников автоматы да болды. Оқталмаған мылтық атып жатыр деп ойлап, орнымда тұра бердім... Адамдар қалай құлап жатқанын, әр оқ тиген сайын жуан бағандар қалай дірілдегенін көрдім. Сол кезде ғана бұл әскери оқ екенін түсіндім. Сол сәтте маған да оқ тиді. Аяғымнан жарақат алдым», — дейді Жаңбыр Ерғазев.
Әлдекімдер оны қауіпсіздеу көрінген киіз үйдің артына алып кеткен. Кейін көлікке жеткізіп, ауруханаға апарған.
«Бірінші қабаттан үшінші қабатқа дейінгі баспалдақта қанның ізі. Қан судай ағып жатты. Адам өте көп болды. Дүрбелең, у-шу. Қаза тапқандар да, жараланғандар да болды. Жарамды тікті, оқ денемді тесіп өткен екен. Сүйекке тиген, бұлшықет мылжаланып кеткен», — деп еске алады мұнайшы.
Оны үйіне әкелген, алайда кешке 16 сантиметрлік тігіс қайта ашылып кетіпті. Қайтадан ауруханаға баруға тура келген. Түн ортасы таяп қалған еді. Ерғазевтің айтуынша, қалада атыс дауысы естіліп тұрған, көшеде өртенген көліктерді көрген, ауада күйіктің ащы иісі сезілген.
Ресми дерек бойынша, сол күні Жаңаөзенде 16 адам қаза тапты. Тағы бір адам қала маңындағы Шетпе станциясында өлтірілді. Жаңаөзендіктерді қолдау үшін Шетпе тұрғындары да көшеге шыққан еді. Жүздеген адам жарақат алды.
Ішкі істер министрлігі мен прокуратура полиция «ашулы бұзақылардан қорғану» үшін оқ атуға мәжбүр болды деп мәлімдеді. Алайда кейін Интернетте күш құрылымдарының қарулы адамдарынан қашып бара жатқан бейбіт халыққа артынан оқ атып жатқан, жараланғандарды ұрып-соққан бейнежазба тарады.
«БІЗДІҢ РУХЫМЫЗДЫ СЫНДЫР ДЕГЕН НҰСҚАУ БОЛҒАН»
Қалада комендант сағаты енгізіліп, басқа өңірлерден арнайы жасақ тартылды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қанды оқиғадан кейін бір апта өткен соң Жаңаөзенге келді. Ол «еңбек дауын уақтылы шешу жөніндегі тапсырмам орындалмады» деп мәлімдеп, мұнайшылардың талаптарын орынды деп атады. «Оларды тыңдап, барынша қолдау керек еді, өкінішке қарай, олай болмады», — деді ол.
Назарбаев тәртіпсіздікті әлдебір арандатушыларды кінәлап, оларды жауапқа тартуды талап етті.
Сонымен қатар қалада адамдарды жаппай ұстау, қамау және тергеу басталды. Мұнайшылар ереуілінің белсенділеріне негізгі айып тағылды. Оларды жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп айыптап, қамауға алды. Кейін сот процесі кезінде олар абақтыда аяусыз азапталғанын айтты (бірақ олардың шағымы қараусыз қалды). Зорлық-зомбылық болғанын куә ретінде тартылғандар да айтты: жаңаөзендік Александр Боженко айыптау жағының сөзін қуаттап айғақ беруге күшпен мәжбүрленгенін, айтқанды орындаудан бас тартсаң өлтіреміз деп қорқытқанын жеткізді (Бірнеше айдан соң Боженконың өзі жұмбақ жағдайда қаза тапты, полиция бұл «жай бұзақылық» болды деп мәлімдеді).
Ергазев те азапталғанын айтады, бірақ алаңда тұрған басқа адамдармен салыстырғанда оны қатты ұрмаған, бұған бәлкім денесіндегі оқ жарақаты себеп болса керек.
«Біздің «рухымызды сындыру» туралы нұсқау болған дейді. Рас-өтірігін білмеймін, бірақ бізге тым қатыгездік танытты», — дейді мұнайшы.
2012 жылғы 12 қаңтарда Ерғазев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қамауда оған тиісті медициналық көмек көрсетілмеді.
«Уақытша қамау изоляторында жатқанда күніне бір рет ем алу үшін ауруханаға апаратын. Бірақ кей күндері апармай қалады. Ондай күндері түнде аяғым шыдатпай ауыратын. Етім шіріп кеткен еді, — деп еске алады Жаңбыр Ерғазев. — Кейін мені Ақтаудағы ауруханаға апарды. Хирургтер кесуге қорықты, бірақ жергілікті травматолог жалғыз өзі шіріген бөлікті алып тастады. Содан кейін жағдайым жақсарды. Жарақат кейін денсаулығыма әсер етті ме, білмеймін. Кейде сыздап ауыратыны бар, бірақ жалпы жаман емес».
Ол 2012 жылғы маусымға дейін изоляторда отырды. Кейін үкім оқылды: оған «билік өкіліне шабуыл жасау» айыбы тағылып, үш жарым жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
«Мен ешкімді ұрған жоқпын, ешкімге тиіспедім де. Сол жерде жай ғана тұрдық. Жеті ай тұрдық және сол күні де [2011 жылғы 16 желтоқсан] тұрдық. Бұл биліктің айласы еді, оларға біреуді қамау керек болды», — дейді Жаңаөзен тұрғыны.
Жалпы 37 адамға айып тағылды. 12 адам түрмеге қамалса, үшеуі ақталды, бесеуі амнистияға ілікті. Ерғазевпен бірге жалпы 21 адам шартты жазаға кесілді.
Жаңаөзен оқиғасынан бері 14 жыл өтсе де, Жаңбыр Ерғазев бұл оқиғаның шындығы әлі ашылған жоқ деп санайды. Арандатуларды кім ұйымдастырды? Тәртіпсіздікті кім жасады? Атыс қаруын неге қолданды? Шын мәнінде қанша адам зардап шекті? Бұл сұрақтарға әлі жауап жоқ.
ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚТАР
Жаңбыр Ерғазев Жаңаөзен трагедиясын әлі де тергеп-тексеру кеш емес екеніне сенімді.
«Әрине, менің ойымша, қайта тергеу жүргізілуі тиіс, бүкіл шындық ашылып, әділ үкім шығуы керек. Қарусыз халықты құмырсқадай қырып салды», — дейді ол.
Жергілікті белсенді Мұратбай Жұмағалиев те Жаңаөзен оқиғасына ашық әрі әділ тергеу жүргізуді талап етіп келеді. Ол да ереуілге қатысып, қанды оқиғадан кейін басқа мұнайшылармен бірге сотталған, шартты жазамен үш жылға сотталған.
«Тергеу кезінде прокуратураның жертөлесінде мені ұрып-соқты. Тергеуде: “Ол жерде неге тұрдың? Кімдерге қосылғаныңды білесің бе?”, “Сендерге тараңдар деп айтылды. Неге кетпедіңдер?” деген сұрақтар қойды. “Сені түрмеге отырғызамыз, алты балаң жетім қалады” деп қорқытты. Алаңда “Әділдік қайда? Заң қайда?” дегенім үшін ғана тәртіпсіздікке қатысы бар деп айыптады», — деп еске алады Мұратбай Жұмағалиев.
Трагедиядан 10 жыл өткен соң, 2021 жылы, ол тағы бір жаңаөзендік белсенді Нұрлыбек Нұрғалиевпен бірге президент әкімшілігіне хат жолдап, Назарбаевтың орнына келген президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қанды оқиға бойынша жаңа тергеу бастауға шақырған. Алайда, Жұмағалиевтің айтуынша, хатқа ешқандай жауап болмаған.
«Хаттың бәрі аяқсыз қалды. Облысқа жүгіндік (Маңғыстау облысының әкімдігі — ред.), олар Астанаға жіберді. Астанада Бас прокуратураға да, мәжіліске де бардым. Барлығы алты мекеме, алтыуы да бір жауапты қайталады: «бұл мәселе облыс деңгейінде шешілуі керек» деді. Сөйтіп, бірінен біріне сілтеп, әуре-сарсаңға салды. Хаттағы талаптарымыз өзгерген жоқ: оқ атқан және азаматтарды азаптаған кінәлілерді жазалауды сұрадық. Арада 14 жыл өтті, бірақ әлі күнге дейін шешім жоқ», — дейді Мұратбай Жұмағалиев.
2011 жылғы 16 желтоқсан күні алаңда болған жаңаөзендік Келбет Нұрбаев та сол күндердің шындығы әлі ашылған жоқ деп есептейді және тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айып мұнайшыларға негізсіз тағылды дейді.
«Барлығын қиратып, өртеген — әлдебір арандатушылар. Тәртіпсіздікті солар бастады. Қарапайым халықтың, қарапайым мұнайшылардың бұған қатысы жоқ. Мұның бәрін өз көзіммен көрдім, — дейді Келбет Нұрбаев. — Жанымда әйелдер болған соң, қауіпті деп алаңнан кетуге мәжбүр болдым».
Қаза тапқандар саны ресми айтылғаннан да көп болуы мүмкін дейді ол.
«Қонақта отырғанда “пәленше жоғалып кетті” деген әңгімелерді естиміз. Бірақ адамдар мұны БАҚ-та ашық айтуға қорқады. Қысым мен қоқан-лоқыдан сескенеді. Дегенмен, меніңше, бір күні шындық бәрібір ашылады. Бұл — тек Жаңаөзеннің ғана емес, бүкіл қазақ халқының қасіреті. Әділетсіздіктен, жемқорлықтан, мұнайшыларға көрсетілген негізсіз қысымнан басталған ереуіл осындай қайғылы салдарға әкелді. Ал ақырында мұнайшыларды кінәлі етіп шығарды», — дейді ол.
Құрбандардың саны ресми деректен көп болуы мүмкін екенін кейбір бұқаралық ақпарат құралдары да жазды. Ресейлік журналист Елена Костюченко «Новая газета» басылымына Жаңаөзеннен жасаған репортажында аты-жөні аталмаған бір медицина қызметкерінің сөзін келтіреді: оның айтуынша, операция үстелінде 22 адам көз жұмған. Ал жедел жәрдем жүргізушісі журналиске Жаңаөзеннен Ақтауға екі рейспен 15 мәйітті тасымалдағанын айтқан. Бұл мәліметтер ресми түрде ешқашан расталған жоқ.
«14 жыл өтсе де, Жаңаөзен туралы шындық әлі ашылған жоқ. Қазіргі билік отырған кезде бұл шындық ашыларына сенбеймін, өйткені қазіргі билік — бұрынғы биліктің жалғасы. “Жаңа Қазақстан” деген ұрандардың астында — сол баяғы “ескі Қазақстанның” адамдары тұр», — дейді Келбет Нұрбаев. Ол Қанды Қаңтардан кейін саясаттан кеткен, соңғы кезде көпшілік алдына сирек шығатын экс-президентті де еске алады. — «Жаңаөзеннің қаны Нұрсұлтан Назарбаевтың мойнында, бірақ ол болған оқиға үшін есеп берген жоқ. Белсенділер мен мұнайшылар бірнеше рет бірігіп, оқиғаларды тергеуді талап етіп арыз түсірді. Назарбаев тұсында да, Тоқаев тұсында да. Бірақ бұл ешқандай нәтиже бермеді. Соған қарамастан, шындық міндетті түрде ашылуы керек. Ол ашылған кезде қоғам жылдар бойы билік жасырып келген талай жайтты біледі».
Қазақстандық құқық қорғаушы, Liberty қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов Жаңаөзен оқиғасы кезінде және одан кейін адам құқықтары жаппай бұзылды дейді. Ол қала тұрғындарымен және мұнайшы отбасыларымен кездесіп, 2013 жылы «Жаңаөзен күнделігі» атты деректі фильм түсірген.
«Бұл — Жаңаөзен тұрғындарының қырғыны болды, Конституция бұзылды, адамдардың өмір сүру құқығы аяққа тапталды. Жаңаөзен тұрғындары жаппай азаптауға ұшырады. Сонымен қатар ереуілге шығу құқығы, татуластыру комиссиясының жұмыс істеу құқығы бұзылды. Бірлесу еркіндігі, тәуелсіз кәсіподақты тіркеу құқығы шектелді. Халықаралық еңбек ұйымының 87-конвенциясы (“Бірлесу бостандығы және ұйым құру құқығын қорғау туралы”) мен 98-конвенциясы (“Ұйымдасу және ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығы туралы”) бұзылды. Қаза тапқандарды жерлеуге де мүмкіндік бермеді: туыстары “жақыным оқтан емес, аурудан қайтыс болды” деп қол қоймайынша, қайтыс болғаны туралы куәлік бермеді. Тек санаулы адамдарға ғана “өлім себебі — атыс қаруынан алған жарақат” деп көрсетілген куәлік берілді. Ол денесінде оқ қалып қойған 16 адамға ғана берілді, — дейді Ғалым Ағелеуов.
Құқық қорғаушының айтуынша, Жаңаөзен оқиғасы объектив түрде тергелмеген.
«Әділ сот талқысы құқығы бұзылды, журналистік зерттеу жүргізу үшін ақпарат жинау мүмкіндігі шектелді: АХАЖ, аурухана, полиция, прокуратура, ҰҚК деректері жабық болды. Барлық қаза тапқан адамның аты-жөні анықталған жоқ. Зардап шеккендер сауықтырудан өтпеді. Қаза тапқандардың отбасына төленген 2 миллион теңге мемлекет төлеуі тиіс өтемақымен салыстыруға мүлде келмейді. Мемлекет тарапынан кінәлі болған ешбір лауазымды тұлға жазаланған жоқ», — деп санайды Ғалым Ағелеуов.Казахстанский правозащитник и глава фонда Liberty Галым Агелеуов, подчеркивает, что во время событий и после них были зафиксированы многочисленные нарушения прав человека. Он встречался с жителями города и семьями нефтяников и снял фильм «Жанаозенский дневник» в 2013 году.
ЖАЗЫЛМАС ЖАРА
Жаңаөзен Қазақстан тарихындағы жазылмас жараның бірі болып қалды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы Маңғыстау облысындағы дәл осы қаладан басталған.
Ол кезде жаңаөзендіктер аймақтағы көліктің басым бөлігіне пайдаланылатын сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы көшеге шыққан. Жаңаөзенде басталған наразылық басқа өңірлерге де тарады. Экономикалық талаптарға саяси талаптар қосылды. Халық Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевты биліктен кетіріп, мұнай сатудан түсетін табысты әділ бөлуге үндеді. Ондаған мың адам елді жайлаған жемқорлыққа, кедейлік өршіп, бағаның өскеніне наразылық білдірді. Ірі қалаларда тәртіпсіздіктер болып, оларды басу үшін билік тағы да оқ атты. Ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапты.
2022 жылы Жаңаөзен мен Маңғыстау облысындағы наразылық бейбіт өтті, тонау мен қирату болған жоқ. Наразылықтың бейресми жетекшілері халықты арандатушыларға ермеуге және мақсатқа бейбіт жолмен жетуге шақырды. Шамасы, өңір халқы 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан сабақ алса керек.
14 жыл бұрынғы трагедиядан кейін мұнайлы қалада жаңа инфрақұрылым нысандары салынды, алайда Жаңаөзендегі көп мәселе әлі күнге шешілмеген. Негізінен мұнай-газ саласында жұмыс істейтіндер көп жалақы алады. Кен өндіру және сервистік компанияларға жұмысқа орналасқысы келетіндер көп, бірақ барлығы бірдей жұмыс таба алмайды.
Жаңаөзен тұрғыны Келбет Нұрбаев жұмыссыздық мәселесі әлі де өткір екенін, дегенмен «кейбір өзгерістер байқалатынын» айтады.
«Сол оқиғадан кейін мұнайшылар жалақысы көтерілді. Олардың еңбек құқықтары жүз пайыз қорғалды деуге келмейді, әрине, бірақ бұрынғыдан жақсырақ қорғала бастады. Халық табанды түрде талап ету арқылы бұған қол жеткізді. Қазір “Алгоритм” бағдарламасы бойынша тұрғындар жұмысқа тұру үшін кезекке тұрады. Кезек тез жылжымайды, бірақ соған қарамастан адамдар жұмысқа орналасып жатыр. Өзім де қазір жұмыссызбын, бірақ кезекте тұрмын. Барлығымыз мұнай саласына жұмысқа кіруге тырысамыз, өйткені лайықты жалақы тек осы салада бар. Бірақ бізге басқа салаларды да дамыту қажет. Зауыт-фабрикалар салынбаса, жұмыссыздық мәселесі ешқашан шешілмейді», — дейді ол.
Қала маңында орналасқан Өзен кен орны Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі бойынша Қашаған, Теңіз және Қарашығанақтан кейін төртінші орында тұр. Алайда халқы 80 мыңнан асатын (маңайдағы елдімекендерді қоса есептегенде 150 мыңнан асатын) қалада мұнай өндірісінде 10 мыңға жетпейтін адам жұмыс істейді.
«Жұмыссыздар көп, тұрмыс деңгейі өте төмен отбасы да аз емес. Олар анда-мұнда тиын-тебен тауып күнелтеді. Көбіне кәсіпкер шаруашылықтарында жұмыс істеп, 80–100 мың теңге алады (150–190 доллар — ред.). Біреулер мал ұстайды. Ал енді бірі зейнетақы мен жәрдемақымен өмір сүріп отыр», — дейді Мұратбай Жұмағалиев.
Ол да қаланың болашағын тек мұнай өндірумен байланыстырмай, басқа салаларды дамыту қажет деп санайды. Ресми тілмен айтқанда, бұл — экономиканы әртараптандыру. Қазақстанда оның қажеттігі туралы көп жылдан бері айтылып келеді. Алайда бүкіл ел де, соның ішінде Жаңаөзен халқы да әлі күнге шикізат өндірісіне тәуелді болып отыр.