Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей Рождествоға орай Украинада атысты уақытша тоқтату туралы ұсыныстан бас тартатынын айтты.
"Біз бейбітшілікті қалаймыз. Украинаға үзіліс беріп, соғысты жалғастыруға мүмкіндік беру үшін ғана атысты тоқтатқымыз келмейді. Егер украиналықтар келісімге келуді өміршең емес шешімдермен алмастырғысы келсе, оған қатысуымыз екіталай" деді Песков.
Украина президенті Владимир Зеленский осыған дейін Германия канцлері Фридрих Мерц 15 желтоқсанда Рождество мен Жаңа жыл мерекесіне орай атысты тоқтатуды ұсынғанын айтқан.
"АҚШ мұндай идеяны қолдап отыр. Президент ретінде, мұндай идеяны әрине, қолдаймын" деді Зеленский. Ол бұл Ресейдің саяси еркіне де байланысты екенін жеткізді. Бұған дейін Украина атысты шартсыз тоқтатуға келіскен. Бірақ Ресей мұндай идеядан бас тартқан.
15 желтоқсанда Берлинде Зеленский және АҚШ-тың арнайы уәкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің қатысуымен келіссөз өткен. Bloomberg және өзге ақпарат құралдарының жазуынша, АҚШ ұсынған бейбітшілік жоспарында айтылған мәселелердің шамамен 90%-ы келісілген. Атап айтқанда, Украина өкілдері Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі бойынша ілгерілеушілік барын білдірген. Дональд Трамп "біз бұрын-соңды болмаған деңгейде [келісімге келуге] жақындадық" деді. Песков "АҚШ, Украина және Еуропа арасында өткен келіссөз бойынша ақпарат әзірге келмегенін" жеткізді.